Мақатта кәріз суын тазартатын бірегей кешен іске қосылды. Аудан орталығының шығыс бөлігінде орналасқан нысан тәулігіне 3 200 текше метр лас суды өңдейді.
2018 жылы басталған ғимараттың құрылысына қазынадан 3 млрд 700 млн. теңге көлемінде қаражат бөлінген. Кешеннің ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудан әкімі мұндай жүйе облыс көлемінде алғаш рет іске қосылып отырғанын жеткізді.
Шәкір КЕЙКІН, Мақат ауданының әкімі
Алдағы уақытта осы кәріз тазарту ғимаратынан шыққан тазартылған су техникалық таза суға айналып, халыққа қажетті көгалдандыру немесе басқа да жағдайларға жаратылады.
Жаңа нысанның тұсауы кесілген соң жиылған жұртшылық ондағы жұмыстармен танысты. Кешенде бас кәріз стансасы алаңы, су тазарту қондырғысы, биологиялық тоған және 14 гектар булану алаңы бар. Бұл жерге кәріз суы кенттен 4 құбыр арқылы келіп, екі жолмен тазартылады. Ол – механикалық және биологиялық тәсіл. Механикалық тазалау кезінде су бойындағы барлық қоспаларынан арылып, сұйықтық ретінде биологиялық тазалау орнына жіберіледі.
Биологиялық тоғанда жіберілген сулардың бактериалары өзара қоректеніп, микроптардан тазартылады. Кейін дайын болған су арнайы сәулелендіріліген қондырғы арқылы сүзгіден өткізіліп, қалған микроптан ада болады. Одан кейін дайын болған техникалық су арнайы буландыру алаңдарына жіберіледі. Жалпы, бұл жерде судың 98%-ға дейін тазартылу мүмкіндігі жасалған.
Сондай-ақ, судан шыққан лайды жинайтын арнайы орын дайындалған. Бұл жерге түскен қалдықты тыңайтқыш ретінде пайдалануға болады. Мұндағы мамандар жаз бойы кәріздік тазарту жүйесін сынақтан өткізіп, өндірілген сумен өсімдіктерді суарып көрген. Нәтижесі көңіл көншітерлік.
Қанат ҚАЙРАТҰЛЫ, «Бекболатовтар құрлыс компаниясы» АҚ маманы
Құрылысы былтыр аяқталды. Осы уақытқа дейін бірнеше сынақтан өтті. Бүгін жүз пайыз жұмысқа кірісті. Осы кәріз суын біз құрылыс алаңындағы гүлдерді суаруға пайдаландық. Пайдасы жақсы. Көгалдандыруға таптырмайтын су.
Қазір кешенде зертханашылар жұмысқа кірісіп кеткен. Тағы 20 шақты адам жұмыспен қамтылмақ. Алдағы уақытта бұл кешен Доссор кентінің де кәріз суын тазартады деп жоспарлануда. Бұл жерден өндірілетін техникалық су ауданның көгалдандыру жұмыстарына пайдаланылмақ.