Өткен аптада Индер ауданындағы мал өліміне қатысты жүргізілген сараптаманың қорытындысы шықты. Жарсуат ауылдық округіне қарасты егістік алқабында 13 бас мал өліп, тағы он шақтысының ауырғаны жұртты елең еткізген еді.
Осыған байланысты жергілікті билік тиісті комиссия құрып, мәселені анықтамаққа кірісті. Ол үшін өлген ірі қараның ішкі органдарынан патологиялық материалдар алынып, облыстық малдәрігерлік зертханаға жіберілген.
Нәсіпқали АЗҒАЛИЕВ, Индер аудандық ветеринариялық станса директорының міндетін атқарушы
Сараптама қорытындысы бойынша, малдардың ішкі құрылысында нитрат алколоидтің қалыпты жағдайда екенін анықтады. Алайда аудандық ветинспекция және ветстанса мамандарымен бірлесіп өлген малдарды ережеге сәйкес сойған кезде ішкі құрылысынан шіріген жуа иісі шығып ас қорыту жүйесінің шамадан тыс салмақ түсуіне байланысты өлімге әкеліп соққаны анықталды.
Қорытындыға сәйкес, аудан әкімдігі тарапынан жеке кәсіпкерге егістік алқабындағы өнімін уақытылы жинап алмағаны үшін әкімшілік іс қозғау мақсатында аудандық прокуратура және облыстық жердің қорғалуы мен пайдалануын бақылау басқармасына хат жолданды. Сонымен қатар мал иелері келтірілген шығынды өндіру үшін шаруашылық иесінің үстінен сотқа шағымдана алатыны хабарланды.