Облыстық перинаталдық орталықтың экс-басшысын айыптаушы тарап дәл қазір соттан 20 жылға бас бостандығынан айыруды сұрап отыр. Атырауда тоңазытқышта жан тапсырған шақалақтың өліміне күдікті Қуаныш Нысанбаев пен оның төрт қызметкері турасындағы іс бойынша жарыссөз басталды.
Прокурорлар сәби өліміне қатысы барларды 20 және 17 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Нұржан ЖӘҢГЕРЕЕВ, прокурор
Жазаларды ішінара қосу арқылы Қуаныш Нысанбаевты 20 жыл бас бостандығынан айыруыңызды сұраймын. Қайыржан Асқар мен Жәмила Құлбатыроваға қылмыстық кодекстің 99-бабы, 2-бөлімі бойынша 7, 14 қылмыстар бойынша кіналі деп танып, олардың әрқайсысын 17 жыл бас бостандығынан айыруды сұраймын.
Айыптаушы тарап қылмысты хабарламағаны үшін неонатолог-дәрігерге үш жыл беруін, сондай-ақ, жәбірленушінің моральдық шығынын өтеуін сұрады. Ал Нұржамал Тұрымбетова тірі шақалақты өлі туды деп рәсімдегендерге ең қатал жаза лайық дейді.
Нұржамал ТҰРЫМБЕТОВА, жапа шегуші
Осылардың кесірінен сәбиімнен айырылып отырмын. Күйзеліске түстім. Менің және отбасыма әкелген қиянаттарын өз мойындарымен көтерсін. Қатаң жаза сұраймын!
Мемлекеттік айыптаушы Нысанбаев пен Қайыржанның тергеу изоляторындағы бір күнін қатаң режимдегі колониямен теңестіруді сұрады. Жарыссөз әлі үш күн жалғасады. Сөз кезегі айыпталушыларға да беріледі. Сот содан кейін шешім шығармақ.