Мақатта мемлекеттік грант жеңіп алып, кәсібін дөңгелетіп отырған тұрғындардың қатары өсіп келеді. Солардың бірі – Баян Ідірісова. Ол былтыр «Бизнес бастау» бағдарламасын оқып, 505 мың теңге грантқа ие болған.
Қаражатқа жалға пәтер алып, массаж студиясын ашады. «Ауыл шаруашылығы қаржылай қолдау қоры» арқылы төменгі пайызда несие алып, жаңа ғимарат сатып алған. Ішін қажетті құрал-жабдықтармен толтырып, қосымша қызмет түрлерін көбейткен. Ол халыққа қол жетімді бағада қызмет көрсетіп қана қоймай, бір адамды жұмыспен қамтып отыр.
Баян ІДІРІСОВА, Мақат ауданының тұрғыны
Алматының адамдарынан оқып массаждың 12 түрін оқыдым. Оның ішінде хиджама, отпен массаж бар. Қазіргі таңда кәсібін ашам деген адамдарға мемлекеттен үлкен көмек бар. Сондай мүмкіндікті мүлт жібермеу керек.
Бүгінде бұқараны жұмыспен қамтып, табыс табуына тікелей мүмкіндік беріп отырған мемлекеттік бағдарламалардың бірі – «Еңбек». Бағдарламаның екінші бағыты – кәсіпкерлікті дамыту мақсатында биыл ауданда 59 адамға құны 32 млн. теңге көлемінде қайтарымсыз қаражат берілген. Мұндай қолдау түрі көпбалалы аналарға, ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге, еңбекке қабілетті мүгедектерге және жұмыссыз жастарға көрсетіліп отыр.
Жалпы, биыл мемлекеттік грант алуға 105 тұрғыннан өтініш түскен. Үміткерлер төрт онлайн және екі оффлайн режимінде өткен отырыс арқылы анықталды.
Алмагүл АРАЛБЕКОВА, Мақат аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры
Биылғы қаражатымыз толық игерілді. Былтыр 88 адам алса, биыл 59 адам алып отыр. Алдағы уақытта да аудан халқын көтермелеу, жұмыссыздық деңгейін жою мақсатында осындай шаралар іске асырылатын болады.
Бүгінде мемлекет қолдауына ие болған кәсіпкерлер мал және құс шаруашылығы, енді бірі тігін, аспаздықпен айналысып, нәпақа табуда.