Жапония елде коронавирус жұқтырғандар санының өсуіне қарамастан жазғы олимпиадаға дайындықты жалғастыруда. Онда күн сайын 2 мыңнан астам адамнан вирус табылады.
Десе де, Токио губернаторы Юрико Коикэ инфекциямен күрестегі тиімді шаралардың арқасында алдағы олимпиадалық ойындардың қауіпсіздігіне сенімді. Ұйымдастыру комитеті эпидемиологиялық жағдайы қолайлы елдердің спортшылары мен жанкүйерлері екі аптаға оқшауланбау мүмкін деп мәлімдеді.
Юрико Коикэ, Токио губернаторы
Соңғы уақытта вирус жұқтырғандар саны айтарлықтай өсті. Соған байланысты өткен аптада Токио билігі коронавирус жұқтыру қаупінің ең жоғарғы деңгейін жариялады. Олимпиадалық ойындарда аурудың одан әрі өршуіне жол бермес үшін біз үкіметпен және халықаралық олимпиада комитетімен бірлесіп елге кіретін барлық пунктерде келушілерге қатысты бірқатар кешенді шаралар жоспарын дайындаймыз.
Токио олимпиадасы 2020 жылдың жазында өтуі керек болатын, бірақ пандемияға байланысты кейінге қалдырылды. Енді Жапония билігі 2021 жылдың 23 шілдесі мен 8 тамыз аралығында «қонақ күтуге» дайындалып жатыр.