Облыстық «Мүгедектер әлемі» үкіметтік емес ұйымының төрағасы Күлбаршын Нұржігітова Жылыойға барып, келер жылғы сайлаудағы ерекше жандардың қатысуын саралады.
Қамкөңіл жандар осыған дейін үйде отырып дауыс беріп келген еді. Енді ерекше азаматтар келер жылдағы парламент депутаттарын сайлауда учаскелерге келіп, халық қалаулыларын тағайындауға өз үлесін қоспақ. Айта кетейік, дауыс беруге тек «Nur Otan» партиясының мүшелері қатыса алады. Ал олардың аудандағы саны 3 700-ге жуықтаса, оның 35-і – мүгедек.
Ерекше азаматтар қоғамдағы кез келген өзгеріске үн қатып, сайлау құқықтарын жүзеге асыруға мүдделі. Оларға жеңілдік жасау мақсатында мүгедектік категориясына байланысты аумақтық сайлау учаскелеріндегі сайлау материалдарының қолжетімді болуы, әрі дауыс беруге кедергі келтірмеуі қарастырылған. Сондай-ақ, мүгедектер дауыс берумен ғана шектелмей, сайлауда өз кандидатурасын ұсына алады және сайлау комиссиясы мүшелігіне енуге міндетті.