Доссор кентінде «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған жаңа тұрғын үйлер 60 отбасыға берілді.
Екі және үш бөлмелі баспаналардың сапасы жоғары. Тұрғындардың жайлы өмір сүруі үшін барлық жағдай жасалған. Әр пәтерге автономдық жылыту қазандығы орнатылып, балалар үшін ойын алаңдары салынған. Бұл Мақат ауданында берілген алпыс пәтерлік үшінші тұрғын үй.
Шәкір КЕЙКІН, Мақат ауданының әкімі
Бұл әр жанұя үшін қуанышты сәт деп ойлаймыз. Себебі, ауданда 628 адам әртүрлі категория бойынша үй кезегінде тұрған еді. «Нұрлы жол» бағдарламасы бағытында салынған үйдің 38 пәтері көпбалалы аналарға беріліп жатыр. Оны Үкіметтің, Президентіміздің, облыс әкімінің қолдауы деп түсінуіміз керек.
Пандемияға қарамастан құрылыс жұмыстары тоқтап қалмай, жоспарлы уақытта аяқталды. Десе де, бұл баспана жеке меншікке өтпейді. Сатып алу құқығынсыз ұзақ мерзімге жалға беріледі.
Соңғы жылдары ауданда жергілікті тұрғындарды баспанамен қамту мәселесі оң шешімін тауып келеді. Бүгінде Мақат кентінде құрылысы жүріп жатқан алпыс пәтерлік қос тұрғын үй келесі жылы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Бұдан бөлек, Доссорда бір, ал Мақат кентінде алпыс пәтерлік қос тұрғын үйдің жобалық сметалық құжаты жасақталған.