Атырау облысында жыл басынан бері 615 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде Махамбет Досмұхамбетов айтты.
Сондай-ақ, ол 5 204 орынға арналған 10 мектептің құрылысы жүргізіліп жатқанын жеткізді. Апатты бір мектептің орнына жаңа білім ордасы салынған. Жылдың соңына дейін тағы 4 мектептің құрылысы аяқталып, 5 нысан келесі жылы пайдалануға беріледі. Облыс әкімінің айтуынша, үш ауысымды және апатты жағдайдағы мектептер проблемасы кезең-кезеңімен шешілмекші.
Биыл Атырау облысында 15 балабақшаның құрылысы басталған. Оның ішінде 9 балабақша мемлекеттік-жекешелік серіктестік аясында салынып жатса, төртеуі қазірдің өзінде пайдалануға берілді. Сонымен қатар, ол өңірде студенттерге арналған жатақхана, мәдениет үйі, демалыс аймағы, спорттық және денсаулық сақтау нысандары құрылысы қарқынды жүргізіліп жатқанын айтты.