Маңғыстау облыстық Өңірлік коммуникация орталығында өткен брифингте Түпқараған ауданының әкімі Айбек Қосуақов ауданда 100 орындық провизорлық стационардың дайын екенін мәлімдеді.
Ауданда пандемияға байланысты денсаулық сақтау саласы бойынша елеулі жұмыстар атқарылды. Бұрынғы Түпқараған аудандық туберкулез ауруханасының ғимараты күрделі жөндеуден өткізіліп, 100 орынды провизорлық стационар ретінде дайындалды. Жұқпалы аурулар және балалар бөлімшесі жөндеуден өткізілді, оттегімен қамтамасыз ету үшін орталықтандырылған 87 оттегі нүктелері орнатылды.
«Жұмыспен қамту жол картасы 2020» мемлекеттік бағдарламасы арқылы Ақшұқыр және С.Шапағатов ауылдық дәрігерлік амбулаториясы толықтай жөндеуден өткізілді. Түпқараған орталық аудандық ауруханасына 2 электрокардиограф, жылжымалы және стационарлық цифрлы рентген аппараттары, балаларға жасанды тыныс беру аппараты, жасанды тыныс беру және дефебриллятор аппараттары алынды.