Caspianlife, 15 қыркүйек. Қазақстанның жер қойнауы қорын басқару жөніндегі мемлекеттік бағдарламаға көмірсутектерді барлау және өндіруге лицензия алуға болатын жаңа учаскелер енгізілді. Өзгерістер Инвестициялар және даму министрінің (қазіргі уақытта – Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі) бұйрығына енгізілген. Тиісті құжаттар Энергетика министрлігінің сайтында жарияланған.
Бір қызығы, жаңа учаскелердің кейбір аумағында зираттар мен мал қорымдары орналасқан.
Маңғыстау облысындағы ірі нысандардың бірі – Ақсаз Батыс учаскесі. Оның құрамына жалпы аумағы 553,3 шаршы шақырымды құрайтын 223 блок кіреді. Бұл аумақта көмірсутектерді барлау және өндіру жоспарланған.
Аталған учаскенің төрт блогында, жалпы аумағы 9,91 шаршы шақырым жерде зират орналасқан. Сонымен қатар учаске құрамынан аумағы 11,48 шаршы шақырымды құрайтын Ақсаз кен орны шығарылған. Оның құқықтары «Емір Ойл» компаниясына тиесілі.
Ақтөбе облысында жаңа лицензияларға Шығыс учаскесі енгізілген. Оның құрамында 1476 блок, жалпы аумағы 3364,16 шаршы шақырым. Бұл аумақта бірнеше мал қорымы бар. Оның бірі Қарауылкелді ауылының маңында орналасқан. Ол 26 блокты, яғни 104,64 шаршы шақырым аумақты қамтиды. Тағы екі мал қорымы тиісінше аумағы 9,1 және 9,13 шаршы шақырым блоктарда орналасқан.
Шығыс Қазақстан облысындағы Қарабас учаскесінде де осындай жағдай байқалады. Учаске 1743 блоктан тұрады, жалпы аумағы – 4045,47 шаршы шақырым.
Мұнда мал қорымдары бірнеше аумақта анықталған. Атап айтқанда:
- Қазақстан және Шеңгелді ауылдары маңында – 21 блок, 48,61 шаршы шақырым;
- Қарасу және Шолақорда ауылдары маңында – 37 блок, 85,8 шаршы шақырым;
- Құйған ауылының маңында – 14 блок, 32,62 шаршы шақырым;
- Жамбыл ауылының маңында – 11 блок, 25,59 шаршы шақырым.
Сонымен қатар аукцион қорытындысы бойынша мұндай шектеулері жоқ аумақтар да бағдарламаға енгізілген.
Олардың қатарында Маңғыстау облысындағы Е блогы (Мұнайбай Батыс) бар. Ол 224 блоктан тұрады, жалпы аумағы – 540,37 шаршы шақырым.
Ал Атырау облысындағы Ашықсор учаскесінің құрамына 73 блок кіреді. Оның жалпы аумағы 174,51 шаршы шақырымды құрайды.
(Дереккөз: Kursiv)

