Ембіде «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ компаниялар тобы бойынша ең ұзын горизонталды ұңғыма бұрғыланды. Бұл туралы «Ембімұнайгаз» АҚ-ның баспасөз қызметі хабарлады.
«Ембімұнайгаз» АҚ-да соңғы жылдары кен алаңдарында горизонталды ұңғымаларды бұрғылау технологиясын қосу белсенді жүргізілуде. Бұл – Ембі өңірінің байырғы кен алаңдарында қалған қорды игеруге мүмкіндік беретін әдіс.
Қайрат КӨЗОВ, «Ембімұнайгаз» АҚ Кен орындарын игеру жөніндегі басқарушы директоры
Горизонталды ұңғымаларды бұрғылау технологиясы өзінің тиімділігімен вертикалды ұңғымаларды алмастыруға мүмкіндік береді және қоршаған ортаға тасталар зиянды қалдықтардың көлемі азаяды. Сондай-ақ, бұл әдіс игерілуі қиын кен орындарының өнім беру мерзімін ұзартады. Өткен 2 жылда горизонталды ұңғымаларды бұрғылау әдісі өзінің тиімділігін дәлелдеді. Олардың өнімділігі вертикалды ұңғымаларға қарағанда 8–10 есе жоғары. Сол себепті 2021 жылы тек горизонталды ұңғымаларды бұрғылау жоспарланып отыр.
Соңғы жылдарда Ембі өндірісінің кен алаңдарында барлығы 14 горизонталды ұңғыма қазылып, соның ішінде, Гран кен орнында «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ компаниялар тобы бойынша ең ұзын горизонталды секциясы бар ұңғыма қазылды.
Ұңғыманың құрылыс жұмыстарын бас мердігер – отандық компания «СБК «ҚазМұнайГаз-Бұрғылау» ЖШС көлбеу бағытта бұрғылайтын субмердігер «Шлюмберже Лоджелко Инк» компаниясымен бірігіп атқарды.