Асабалар алдағы уақытта үйде немесе мейрамханада қызмет көрсетсе, айыппұл арқалайды. Бұл туралы қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы хабарлады.
Жеке тұлғалар 83 мың, ал жеке кәсіпкер ретінде тіркелгендер 600 мыңға дейінгі қаражаттан қағылуы мүмкін. Жауапкершілікке асабаның өзі ғана емес, тойдың шырайын келтірген әнші-биші, оператор-фотографы да тартылады. Бүгінге дейін үш асабаның үстінен хаттама толтырылған. Жауаптылар мұндай әрекетті қасақана құқықбұзушылық дейді.
Бақытбек ХАМЗА, Атырау қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы бөлім басшысының міндетін атқарушы
Қасақана құқықбұзушылық болып табылады. Тойда қызмет көрсетуші барлық тұлға: бишілер бар, фотосуретшілер бар – олардың бәрі карантин режимін бұзғандар болып саналады. Күні бүгін мейрамханада және үй жағдайында өткізіп жатқан 3 жағдай тіркелді. Сол асабалардың үстінен ҚР ҚК-нің 425 бабы 1 тармағына сәйкес іс қозғалды. Тағы да 2 әкімшілік іс қаралуда. Ол тұлғалар басқармаға келмегендіктен, қазір іздестірілуде.
Жаңашылдықтың асабаларға жақпай қалғаны анық. Олардың пікірін білмекке бірнешеуіне хабарластық. Алайда қай-қайсысы да сұхбат беруден бас тартты. Айтуынша, ел алдындағы абыройының төмендеп қалуынан қауіптенеді. Қалай болғанда да бұл жағдай карантинде ой қуаламай, той қуалаған халықтың қуанышына ортақтасып, нәпақасын тауып жүргендерге біршама қиындық туғызары анық…