Ақтауда ірі сауда орталықтарының бірінен шу шықты. Басшылық пен жалға алушылардың арасында түсініспеушілік туындады. Бір топ саудагер жалға алу құнымен мүлде келіспейтінін айтады.
Өйткені, онда карантин уақытында жұмыс жасамаған күндер үшін ақы төлеу талап етілуде. Онсыз да қарызға белшесінен батқан саудагерлер енді не істерін білмей дал.
Гүлданай АҚЖАНОВА, жалға алушы
Біз басшыға барған кезде ол бізге Үкіметтен ешқандай көмек жоқтығын айтты. Сол себепті, бізге де ешқандай көмек көрсете алмайтынын айтып отыр. Бірақ біз неге тұрмаған күндерміз үшін ақша төлеуіміз керек? Менің өзімде үш бутик бар. Оған 240 мың теңге төлеймін.
Гауhар ЖҮГІНІСОВА, жалға алушы
Қазір киім сатып алатындар жоқтың қасы. Олар азық-түлік алуға тырысады. Сауда жоқ, түсім 70 пайызға төмендеп кетті. Ал басшылық болса мемлекеттік органдардан жеңілдік жасалмауы себепті біздің жағдайымызды ескере алмаймыз деп отыр. Өз басым шағын бутикке 90 мың теңге төлеймін. Оның үстіне коммуналдық төлемақылары тағы бар.
Саудагерлердің сөзінше, жазда айына небәрі 4 күн жұмыс істегендер де жалға беру құнының елу процентін төлеуге мәжбүр. Ал қыркүйектен бастап толықтай өтелуі тиіс. Бірақ сауданың қызбай тұрғаны себепті жеңілдік жасалғанын қалайды. Ал сауда орталығының басшылығы сұхбат беруден түбегейлі бас тартты. Заңгерді тілге тарттық.
Амалы таусылған жалға алушылар кәсіпкерлер палатасына көмекке жүгінді.
Аққу АЙТЖАНОВА, Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы
Біз өз тарапымыздан сауда орталығы мен жалға алушылар арасында келіссөздер жүргізіп, бір келісімге келсін деген мақсатта дөңгелек үстел өткіздік. Екі жақты кездестірдік. Жолдаған хаттарымызға жауап күтудеміз. Біз өз тарапымыздан барынша екі жақты да мәмілеге келтіруге ұмтылып жатырмыз.
Екі жақ мәмілеге келмесе, жалға алушылар сотқа жүгінуге бел буып отыр.