Былтыр ғана жаңа мектептің салынатынын естіп, бөркін аспанға атқан жаңаталаптықтардың қуанышы ұзаққа созылмады. Биылғы оқу жылында пайдалануға берілуі тиіс 300 орынды білім ошағының әлі іргетасы да қаланбаған. Соның кесірінен округ тұрғындары балаларын көрші ауылға, тіпті, қалаға жіберуге мәжбүр.
3 000-нан астам халқы бар жаңа ауылда мектеп, балабақша, тіпті, ойын алаңдары жоқ. Мұндағы жеке тұрғын үйлердің қарқынды құрылысын естіп, округтен қоныс тапқысы келетіндер де аз емес. Ал бұл қазірдің өзінде аяқталмаған нысанға сұраныс одан сайын артады деген сөз.
Білім ұясын салатын жер белгіленіп, аумағы қоршауға алынғанымен құрылысы басталмаған. Жоба құны 2 млрд теңгені құрайды. Ал нысанның төлқұжатында жұмыстар 2019 жылдың жазында қолға алынуы тиіс еді.
Жергілікті билік мұны пандемиямен байланыстырып отыр. Облыс бюджетін үнемдеу үшін осылай әрекет етуге тура келді дейді.
Нұрлыбек САҚПАРОВ, Атырау облыстық құрылыс басқармасының бөлім басшысы
2019 жылы басталуы керек нысан. Үлкен объекті болған соң мердігердің де кішкене кінәсі бар деп ойлаймыз. Құрылыс, монтаж жұмыстарын баяу жүргізген. Сондықтан жылдың аяғына дейін іргетас құю жұмыстары ғана аяқталды деуге болады. Енді негізгі жұмыс келер жылдың ақпан, наурыз айларында басталуы тиіс деп ойлап отырмыз.
Бүгінде мектеп қаржысының бес пайызы ғана игерілген. Атырау облысында пандемияның салдарынан тұралап қалған осындай он шақты әлеуметтік нысан бар. Басқармадағылар оларды келер жылдың бюджетіне енгізіп, қаржыландырамыз деп сендірді.