CaspianLife, 14 тамыз. Вьетнам астанасы Ханойда AIMO халықаралық математикалық олимпиадасының финалы өтті. Азиядағы беделді математикалық жарыстардың біріне Қазақстаннан 63 оқушы қатысып, оның 59-ы жүлделі орындарға ие болды. Жүлдегерлер қатарында Атырау облысының оқушысы Дарын Жайлыбай да бар. Ол қола медаль иеленді, – деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Дарынның айтуынша, халықаралық олимпиада әр елден келген оқушылардың білімін сынайтын жарыс қана емес, тәжірибе алмасып, жаңа білім мен мотивация алуға мүмкіндік берген.
– AIMO олимпиадасына сәуір айында өтінім беріп, онлайн тест тапсырдым. Нәтижесі бір айдан кейін жарияланып, бірінші орын алдым. Осылайша, Вьетнамдағы финалға жолдама алдым. Бастапқыда қобалжу болды. Алайда нәтижемді көргенде еңбегімнің ақталғанын түсіндім, – деді Дарын Жайлыбай.
Жас математиктің бұл пәнге қызығушылығы бала кезінен басталған. Ол алғаш рет «Бастау» қалалық олимпиадасына қатысып, екінші орын алған. Кейін білімін жетілдіріп, түрлі деңгейдегі математикалық сайыстарда жүлделі орындардан көрініп жүр.
– Мен бұл жетістікпен тоқтап қалғым келмейді. Келесі жылы қайта қатысып, бұдан да жоғары нәтиже көрсеткім келеді, – деді ол.


