CaspianLife, 14 тамыз. Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов «Көктем» базары маңындағы Жастар көшесін қайта жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты. Бұған дейін атыраулықтар жол жөндеу жұмыстарының баяу жүргізіліп жатқанына шағымданған. Мердігердің айтуынша, битум тұрақтандырғышын жеткізу кешігуіне байланысты көлік қозғалысын ашу мерзімі кейінге шегерілген. Жолды 20 тамызға дейін ашу жоспарланып отыр.
Атырау қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшы орынбасары Алмас Сәрсеновтің мәліметінше, құрылыс жұмыстарының мерзімі 29 ай, ал жобаның жалпы құны 18,7 млрд теңге. Ашық электронды конкурс нәтижесінде жеңімпаз атанған «АИС» ЖШС жұмыстарды жүргізіп жатыр.
Қазір Құрманғазы және Тлендиев көшелерінің қиылысына дейінгі 500 метрлік учаскеде негізгі қабат төселіп, ірі түйіршікті асфальтбетон жабынын төсеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жол бөлігін оқу жылы басталғанға дейін ашу жоспарланған.
Бұдан кейін өңір басшысы Бигелдинов және Абай көшелеріндегі жөндеу жұмыстарының барысын тексерді. Мердігерлерге жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтап, сапаны қамтамасыз ету тапсырылды. Қала орталығындағы Махамбет атындағы қазақ драма театры алдындағы учаскеде де асфальт төселіп жатыр. Жұмыстарды 21 тамызға дейін аяқтау жоспарланған.
Айналып тексеру барысында облыс әкімі мердігерлерге жұмыс қарқынын жеделдетуді тапсырды.
«Белгіленген мерзімнен асып кеттіңіздер. Жұмысшылар санын көбейту қажет шығар. Инженерлік шешім қабылданғаннан кейін жұмысшылар санын арттыру керек. Қарашаға дейін созу тым ұзақ», – деді Болат Ақшолақов.
Жол қозғалысы үшін маңызды учаскелердің бірі – ұзындығы 1,4 шақырым болатын Махамбет көшесі. Қазір мұнда орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мердігер ұйым өкілі Жақсыбек Қалниязовтың айтуынша, жолдың бірінші қабаты төселіп қойған. Оның сапасы Ұлттық сапа орталығының зертханасында тексеріліп жатыр.
Зерттеу нәтижелері дайын болғаннан кейін келесі қабатты төсеу басталады. Сонымен қатар ұзындығы 600 метр болатын учаскеде көлік қозғалысын 17 тамызда ашу жоспарланған.
Альбина ІЗГАЛИЕВА

