Caspianlife, 14 тамыз. Орталық сайлау комиссиясы Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысу үшін тағы 405 халықаралық байқаушыны аккредиттеді. Осылайша шетелдік байқаушылардың жалпы саны 656 адамға жетті. Байқаушыларды аккредиттеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Байқаушылар жеті шет мемлекет пен тоғыз халықаралық ұйымның өкілдері. ҚР ОСК төрағасының орынбасары Мұхтар Ерманның айтуынша, ТМД Байқаушылар миссиясынан – 75, ТМД-ға қатысушы мемлекеттер Парламенттік ассамблеясынан – 23, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының сайлауды байқау жөніндегі миссиясынан – 208, Еуропа Кеңесі Парламенттік ассамблеясынан – 23, Түркі мемлекеттері ұйымының Байқаушылар миссиясынан – 10, Түркі мемлекеттері Парламенттік ассамблеясының Байқаушылар миссиясынан – 22, Шанхай ынтымақтастық ұйымының Байқаушылар миссиясынан – 11, АӨСШК Байқаушылар миссиясынан – 9, Ислам азық-түлік қауіпсіздігі ұйымынан – 7 адам аккредиттелген.
Сонымен қатар Литва, Түркия, Грузия, Солтүстік Македония, Эстония, Нидерланд Корольдігі және Тәжікстаннан келген 17 байқаушы аккредитациядан өтті.
19 тамызда мемлекеттік телеарнада сайлауға қатысатын жеті партия төрағасының қатысуымен соңғы сайлауалды пікірсайыс өтеді. Дебат төрт кезеңнен тұрады: партияның таныстырылымы, қарсыластарға сұрақтар, көрермендердің сұрақтары және сайлаушыларға үндеу.
Мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін сайлау учаскелерінің қолжетімділігіне де ерекше назар аударылуда. Ел бойынша 9 мыңнан астам сайлау учаскесі арнайы картаға енгізіліп, олардың жүріп-тұруы шектеулі азаматтарға қаншалықты қолайлы екені тексерілді.
ҚР ОСК мүшесі Ләззат Сүйіндіктың айтуынша, мониторинг барысында Астана қаласындағы №96 мектепте орналасқан №172 және №182 сайлау учаскелерінде мүгедектігі бар азаматтарға арналған автотұрақ болмағаны анықталған. Сонымен қатар ғимарат кіреберісінде жүріп-тұруы шектеулі азаматтардың еркін кіруіне кедергі келтіретін биік баспалдақтар болған.
Алматыдағы №250, №87 және №77 сайлау комиссияларында пандустардың тым төмен орналасқаны анықталған.
Комиссия мүшесінің айтуынша, аталған кемшіліктердің барлығы қазірдің өзінде жойылған. Жалпы 1333 сайлау учаскесінде қосымша бейімдеу жұмыстарын жүргізу қажет екені анықталған.
Дауыс беру күні мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қажетті жағдайлар қамтамасыз етілуі тиіс. Атап айтқанда, пандустар, арнайы автотұрақтар, тактильді көрсеткіштер, Брайль қарпі және ымдау тілі мамандары қарастырылуы қажет.
Ал сайлау учаскесіне өздігінен келе алмайтын азаматтарға үйде дауыс беру мүмкіндігі беріледі.
Әселім ҚАЛКЕН, Астана

