Ақтауға Еуро-5 талаптарына сай су жаңа 18 автобустың алғашқы легі келді. Соңғы үлгідегі дизелдік қоғамдық көліктер Қостанайда құрастырылған. Жалпы құны 720 млн теңгеден асады. Сыйымдылығы – 70 жолаушы.
Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған орын мен көтергіш пандус та қарастырылған. Заманға лайықты көлік қауіпсіздік, бейнебақылау, ақпараттандыру жүйелерімен толықтай қамтылған. Жол ақысын валидатор арқылы төлеуге болады. Бұл көліктер әзірге қала ішінде үш бағытта қатынамақ. Алдағы жылдары қала автопаркін түгелдей жаңарту жоспарланған.
Абзал МЕҢДІБАЕВ, «Каспий» ӘК АҚ басқарма төрағасы
Бір автобустың құны – 40 миллион теңге шамасында. Әрі қарай 7 процентпен 7 жылға лизинг берілген. Осы арқылы біз автобустарымыздың бірінші легін жаңартып жатырмыз.
Сонымен қатар, Түпқараған және Қарақия аудандарына жылжымалы медициналық кешен берілді. Аудандық ауруханаларға тапсырылған көшпелі көлік рентген, ультрадыбыстық зерттеу секілді жаңа замандық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Арнайы жасақталған автобус орталықтан шалғай орналасқан халыққа медициналық қызметтерді жоғары деңгейде көрсетуге мүмкіндік бермек.