Маңғыстау ауданы Тұщықұдық пен Шебір арасын жалғайтын автожолдың құрылысы аяқталды. Енді Маңғыстау ауданының тұрғындары еш қиындықсыз, жаңа жолмен қатынайтын болады.
Тұщықұдық–Шебір аралығындағы 13 шақырым жолдың орташа жөндеу жұмыстары 2017 жылы басталған еді. Жоба бойынша тасжолға цементті топырақ жайылып, оның үстіне қорғаныш қабаты төселді.
Жол жөндеудің жауапкершілігін алған мердігер мекеме кезінде кеткен олқылықтардың орнын толтырып, өз қаражаты есебінен
13 шақырым жолды асфальттап, жұмыстарын толық орындады.
Өңірде соңғы үш жылда 368,3 шақырым автомобиль жолы салынып, 306,6 шақырымы қайта жаңғыртылды.
Жалпы, Маңғыстау облысындағы барлық 2 948 км жолдың 1 020 шақырымы республикалық маңызға ие.
Тамыз айында ұзындығы 97 шақырым болатын өңірдің туристік әлеуетін арттыруға бағытталған «Ата жолы» жобасының ауқымды құрылысы аяқталды. Қазіргі уақытта теңізді жағалай салынған демалыс орындарына қарай және «Құрық» портына дейінгі автомобиль жолын реконструкциялау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Яғни, 2 жолақтан 4 жолаққа кеңейтіліп жатыр. Жалпы ұзындығы 27 шақырым болатын автомобиль жолының 15,6 шақырымына асфальт жабындысы, тротуар, веложолақ дайындалып, жарық шамдары орнатылды.
Алдағы уақытта ұзындығы 23,15 шақырым болатын Ақтау – әуежай жолын кеңейту жоспарда бар.