АҚШ президенті Дональд Трамптың сайлауалды штабының сайтына хакерлер шабуыл жасады. Олар сайтта «Халық Дональд Трамптың күн сайын тарататын өтірік жаңалықтарынан мезі болды. Әлемнің шындықты білетін кезі келді» деген жазба қалдырған.
Штаб өкілдерінің айтуынша, жеке ақпараттар серверде сақталмағандықтан шабуыл жасаушылар ол мәліметтерді аша алмаған. Бүгінде тергеу амалдары жүргізілуде. Сайт жұмысы да қалпына келтірілген.
Президент сайлауы қарсаңында мемлекеттік мекемелердің сайтына кибершабуыл жасау тым жиілеп кетті. Жақында федералды тергеу бюросы хакерлік әрекеттің біріне Ресей билігін қолдаушылардың қатысы бар деген мәлімдеме жасаған еді. Алайда Мәскеу мұндай айыпты жоққа шығарды.