Маңғыстаулық ақхалаттылар пандемия кезінде уәде етілген үстемақыны талап етуде. Жедел жәрдем стансасының санитарлары мен диспетчерлері осындай наразылықпен облыс әкімдігінің алдына жиналды. Айтуынша, індеттің алғашқы толқынында дерт жұқтырған оларға үстемақы төленеді деп сөз берілген. Алайда уәде сол күйі орындалмады.
Зылиха ТҮЗЕЛБАЕВА, Жедел жәрдем стансасының қызметкері:
— Пандемия кезінде біз артық емес, жетіскен жоқпыз. Ақтауға санитарлар жетпей, Мұнайлыдан шақыртты. Жұмыста жүріп 70 % ауырып қалды. Енді пандемия бітті деп солай жасауға болады ма? Енді келіп сокращение жасаймыз дейді, енді келіп айлығымызды төмендетеді. ол кезде жасаған жұмысыз бәрібір ақталған жоқ. Еңбегіміз төленген жоқ, бағаланған жоқ.
Снежана БАЗАРҚҰЛОВА, Жедел жәрдем стансасының қызметкері:
— Маған сен диспетчерсің, біз саған уақытша жұмысқа жарамсыздық үшін төлемейміз дейді. Ауыр жұмыстарды біз жасадық, күнделікті статистиканы да біз жинақтап, тиісті орындарға салдық. Еңбек елеусіз қалды. Президенттің өзі медицина қызметкерлеріне, тіпті кіші медицина қызметкердің барлығына төлеуді тапсырды.
Наразы топқа әкімдіктен ешкім шықпады. Есесіне, денсаулық сақтау басқармасы басшының орынбасары келіп, үстемақы төленбейді деп төтесінен айтты.
Гүлбибі ТАСБОЛАТОВА, Маңғыстау облыстық ДСБ басшысының орынбасары:
Бұл үстемеақылар тікелей науқаспен байланыста болғандарға төленеді. Бұйрықтан асып кете алмаймыз. Бәрі заң аясында болуы керек.
Үстемақыға зар болған қызметкерлердің жалақысы да екі есеге қысқарған. Бұл – жығылғанға жұдырық болды. Жиналғандарға жеткен облыстық жедел жәрдем стансасының басшылығы наразы жұртқа одан бетер сес көрсетіп кетті.
Жиналғандар үстемақыны төлеуде алалау болмау керек деп отыр. Облыстық денсаулық сақтау басқармасынан еш көмек болмаса, одан әрі жоғары жерге шағымданамыз,- дейді олар.