Жыл өткен сайын өр суының көмейі тарылып, тасымауының салдарынан Жайықты жағалай қонған орман алқаптарына да айтарлықтай қауіп төніп отырғанын орманшылар жанайқайынан анық сезуге болады. Экологиялық ахуалдың қиындығына қарамастан Индер орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің қызметкерлері қайткен күнде де қалың жынысты сақтап қалуға тырысып жүр.
Талғат ДОСАН, Индер орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің директоры
Жалпы Индер жануарлар дүниесін қорғау мекемесі бойынша 17 908 га орман қоры жері бар. Оның ішінде Қызылқоға ауданында 2 463 га жер бар. Жалпы осы жердің орманды алқабы 20 580 га жер болып есептеледі. Қазақстан Респбуликасы бойынша 15 сәуірден бастап 15 қазанға дейін өрт қауіпіне тоқсауыл болу. Соңғы 6 жылда орман өртін жіберген жоқпыз.
Осының бәріне мекеменің қажетті техникамен қамтамасыз етілгені көп көмек болды. Қазір 40 қызметкердің алаңсыз жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалған, – дейді мамандар. Дегенмен, қолда бар мәліметке сүйенсек, жалпы орман көлемінің 39%-ы қурап кеткен. Мамандар оған қажетті су құнарының толық жетіспеуі себеп болатынын айтады. Алайда өткен көктемде 10,7 га жерге көшет отырғызылса, ал ағаштың өздігінен өсуі үшін 19 гектар аумақ бөлінген. Жалпы, жыл басынан бері жергілікті орман қоры 29 мың түппен толықты. Сондай-ақ, былтыр құрғақшылық болуына байланысты сексеуіл егу жұмыстары басталған.
Есмұрат САПАРОВ, Индер орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесі директорының орынбасары.
Орман тұқым бағы тек қана жапырақты тұқымын өсіруге есептелген. Ендігі ормандардың қурауы, судың төмен деңгейге түсіп кетуіне байланысты болашақ орман қорының тұқымдық орының өсетін ағаштарды сексеуіл тұқымынан өсіру көзделіп отыр. Бұл біздің тәжірибемізде жоқ. Былтыр Қызылорда облысынан алып келіп 1 га жерге 170 мыңның шамасында жас көшеттер өсіп тұр деп есептеп тұрмыз қазір. Мұны жылына әбір айда екі рет болмаса бір рет қана суарасың.
Мамандардың айтуынша, сексеуіл орманның кез-келген жеріне егілмейді. Оның жыңғылдан айырмашылығы – жерді ашытпайды әрі Жайықты құмнан сақтайды. Өздерінің кәсіби мерекелерін атап өткелі отырған орман қызметкерлері табиғатты ертеңгі ұрпаққа таза қалпында жеткізуге жұмыстанып-ақ жатыр.