Мемлекеттік қызметшіге сыйлық беру заңмен толықтай тыйым салынды. Бұған дейін 2 АЕК-ке дейінгі көлемде сыяпат рұқсат етілген болса, енді мүлдем болмайтыны туралы заңға өзгертулер енгізілді. Алайда бұл тақырыпта халықтың пікірі қақ бөлінді. Бірі материалдық сыйақыны оның адал қызмет атқарғаны үшін беруді жөн деп тапса, екінші тарап сыйлық бермеудің сараңдыққа жатпайтынын айтады.
Сыйлық беруге тыйым салу заңмен бекітілсе де, түсіндіру жұмыстарын алдымен халыққа жүргізу керек сыңайлы. Әйтпесе, мұндай ойды құптайтын елдің кесірінен біраз мемлекеттік қызметші орнынан негізсіз босап қалуы мүмкін.
Жемқорлық фактілерінің енді көбейю қаупі бар. Себебі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамадағы өзгерістер бойынша құқық бұзған жағдайда квазимемлекеттік сектор қызметкерлері де мемлекеттік қызметшімен бірдей жазаға тартылады. Енді олар құзырлы органдардың қатаң бақылауында болады.
Айдос МАМЫТ, ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің АОД басшысының бірінші орынбасары
Өзгерістер енгізгеннен кейін мүлдем мемлекеттік қызметкерге сыйлық беруге тыйым салынады. Егер сыйлық қабылдаған жағдайда қызметкер тікелей сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамасына сәйкес ол өзінің жауапкершілігіне тартылатын болады.
Сондай-ақ, заңдағы жаңа өзгерістерде туыстардың бір ұйымға байланысты жұмысын тексеру, сыбайлас жемқорлыққа қатысты деректерді хабарлау және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде ішкі бақылау қызметтерін құруға бағытталған нормалар да көзделген.