Карантин шаралары жұмсартылғалы бері жұмысы жанданған орындардың бірі – жүзу орталығы. Қазір ұзаққа созылған демалыстан соң жергілікті спортшылар бассейнде бабын келістіріп жатыр.
Паражүзушілердің жаттықтырушысы Нұрлан Жұмағазиев алдағы уақытта болатын додаларға дайындалуды бүгіннен бастағанын айтады.
Нұрлан ЖҰМАҒАЗИЕВ, жаттықтырушы:
Қыркүйек айынан бастап бассейн ашылғалы күніне екі рет дайындық жасау үстіндеміз. Жақын арада Германияда өтетін әлем кубогына барып қаламыз деген ойдамыз.
Германиядағы әлем кубогы жолындағы дайындыққа халықаралық дәрежедегі паражүзуші Ержан Сәлімгереев те кірісіп кетті. Дегенмен қазан айында өтетін сайысқа спортшының қатысу-қатыспауы әлі белгісіз. Елдегі елең-алаң жағдай толық реттелгенше өзімді шыңдау үстінде боламын дейді спортшы.
Ержан СӘЛІМГЕРЕЕВ, параспортшы:
Алдағы уақытта өтуі тиіс әлем кубогі індетке байланысты белгісіз болып жатыр. Өйткені, Германияда карантин жарияланып жатқан көрінеді. Соған байланысты басқа да үлкен додаларға барып қалармыз деген ниетпен дайындық үстіндеміз. Әр жарысқа барғанда жеңімпаздар қатарынан табылуға тырысамын. Басты мақсат – қазақтың туын көтеру, қазақ елін насихаттау.
Параспортшының сөзінше, жыл соңына жоспарланған үш жарыс та коронавирустың кесірінен кейінге қалдырылған екен. Бірақ дода тоқтады екен деп дамыл табатын Ержан көрінбейді.