Түпқараған ауданының оқушыларына пайдалануға жаңа 1 000 дана ноутбук таратылды. Бұл туралы Түпқараған аудандық білім бөлімінің басшысы Айбаршын Утесбаева мәлім етті.
Түпқараған ауданы бойынша 11 білім беру ұйымында 8 776 оқушы қашықтықтан білім алуда. Білім беру процесін сапалы жүзеге асыру үшін компьютерлер мен ноутбуктер интернетке қолжетімді болуы тиіс. Бұл бағытта барлық оқушылардың мүмкіндіктеріне талдау жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде 1 494 отбасының 3 873 оқушысына 1 724 компьютер құрылғысын қажет екендігі анықталды.
Айбаршын УТЕСБАЕВА, Түпқараған аудандық білім бөлімінің басшысы:Елімізде төтенше жағдай енгізілгеннен соң, мектеп бюджеті есебінен 53 (ноутбук, смартфон) құрылғы алынып, уақытша пайдалануға берілді. Ал демеушілердің көмегімен 25 смартфон, 9 ноутбук, 8 теледидар сыйға тартылды. Мектептердің теңгеріміндегі 315 (192 ноутбук, 123 дербес компьютер) компьютерлер де уақытша пайдалауға берілді. Қазіргі уақытта жергілікті бюджет есебінен 1 000 дана ноутбук сатып алынып, аз қамтылған көпбалалы отбасы балаларына, жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға және инклюзивті бағытта білім алатын оқушыларға уақытша пайдалануға берілді. Ноутбуктің әр оқушыға үлестірілуін аудандық «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің мүшелері тікелей бақылау жүргізді.