Ақтауда Дүниежүзілік тазалық күнін атап өтті. Облыс бойынша тазалау жұмыстарына 1 250 ерікті қатысты. Оның ішінде 580 мемлекеттік қызметкер, 430 волонтёр және тағы басқалар.
Жиналған қоқыс болса 115 тоннадан асып түсті. Оның ішінде шыны (15 тонна), пластик (42), резеңке (24), қағаз (27), сонымен қатар, 7 тонна металл өңдеуге жіберілді.
Маңғыстау облысының экология департаменті мен облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы «Кіші оймашы» аумағын тазалауға шыққан тазалықшыларды жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етті.
Дүйсен ҚҰСБЕКОВ, Маңғыстау облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:
Біз тазалыққа бет алған миллиондаған адамдардың қатарындамыз. Осы акцияға қатыса отырып, өз қолымызбен өзгерістер жасай алатынымызды тағы да дәлелдедік. Әсіресе, еріктілер қозғалысының қатысушыларының белсенділігі ерекше қуантты.