Мемлекеттік қызметкерлер келер жылдың шілдесінен бастап факторлы-балдық шкала бойынша жалақы алады. Бұл жүйе осыдан екі жыл бұрын пилоттық жоба ретінде Нұр-Сұлтан қаласы, Маңғыстау облысы әкімдіктерінде және Әділет министрлігі мен мемлекеттік қызмет Агенттігінде басталған еді.
Еңбекақы мемлекеттік қызметкердің жұмысының көлемі мен қиындығына байланысты төленеді. Дәстүрлі жалақы төлеуден артықшылығы да осында. Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында да жалақы төлеудің жаңа жүйесін енгізу тапсырылған еді. Қазір Маңғыстау облысында 2 800-ге жуық мемлекеттік қызметкер бар. Соңғы екі жылда пилоттық жобамен 1 200 қызметкер жалақы алып келеді. Ал келер жылдың 1 шілдесінен бастап олардың қатары 1 500-ге артпақ.
Нұргүл ЖАННАЗАРОВА, ҚР мемлекеттік қызмет істері департаментінің Маңғыстау облысы бойынша басшысы:
Еңбек нарығында мемлекеттік қызметтің бәсекелестігі артты. Осыған дейін жеке сектордан мемлекеттік қызметке келушілер өте төмен еді. Қазір 7 есеге көбейді. Бір орынға 2-3 адам, кейде 10-15 үміткер тапсырып жатады. Бос лауазым 2017 жылғы 12 пайыздық көрсеткіштен 5 %-ға түсті.
Еңбекақы төлеудің факторлы-балдық шкаласын енгізу арқылы өңірде мемлекеттік қызметтен кетушілер саны 4 есеге азайды. Бұрын әкімдіктерден өз еркімен жұмыстан кетушілер саны 8% болса, бүгінде бұл қызметке деген қызығушылық артып, көрсеткіш 2% түсті. Жергілікті атқарушы органда маман тапшылығы жойылған.