Биыл күзде Маңғыстау облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменті жеті жүз жасты әскер қатарына шақыруды жоспарлап отыр.
Осыған байланысты шақыруды жүргізу үшін Маңғыстау облысы әкімнің орынбасары мен денсаулық сақтау басқармасы басшысының төрағалығымен әскерге шақыру және медициналық комиссиялар құрылды. Сонымен қатар, әскерге шақыру комиссиясы құрамына ішкі істер, ұлттық қауіпсіздік, қоғамдық ұйымдар өкілдері, Қарулы Күштер, жергілікті соғыс ардагерлері және дін жүйесінің өкілдері кіреді. Әскерлерді дені сау және моральдық жағынан дайын жастармен толықтыру міндеті қойылды.
Қазіргі уақытта Қорғаныс істері жөніндегі департаменті әскерге шақырылушылар мен Қарулы Күштерді тартуға қатысатын лауазымды адамдар арасында коронавирустық инфекцияның алдын алу шараларына ерекше назар аударуда. Әскерге шақыру пункттерінің кіреберіс жерлерінде медициналық пост орналастырылды.
Жас буынды әскерге салтанатпен шығарып салуға тоқтау қойылды. Қызметке жіберер алдында және әскери бөлімдерге келгеннен кейін, шақырылушылармен ПТР-зерттеу әдісімен COVID-19-ға зертханалық зерттеу жүргізіледі және оларды екі апталық карантинге оқшауланады. Осы уақытта олар медициналық тексеруден өтіп, алғашқы әскери дайындықпен айналысады. Сонымен қатар әскерге шақырылушылардың әлеуметтік-психологиялық мәртебесін зерттеу жүргізіледі.