«QNET» компаниясы қазақстандықтарға 160 млн. теңге шығын келтірген. Бұл туралы ІІМ тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов қаржы пирамидаларына қатысты өткен онлайн брифинг барысында айтты.
Санжар ӘДІЛОВ, ІІМ тергеу департаментінің бастығы:
Компанияның бас кеңсесі Малайзияда орналасқан. Ол желілік маркетинг арқылы адамдардың әртүрлі ювелирлік заттарды сатып алуына негізделген. Қосылу үшін алғашқы жарна – 30 доллар. Қазіргі таңда 211 адамның арызы тіркелді. Ел бойынша 29 қылмыстық іс тергелуде. Жәбірленушілер саны 220 болса, оларға келтірілген материалдық шығын 160 млн. теңге. Бүгінде Малайзия Королдігіне халықаралық тергеу тапсырмасы жолданды. Аталған іс бойынша қосымша хабарлаймыз.
Санжар Әділов өзге де қаржы пирамидалары туралы айтып өтті. Оның мәліметінше, қаржы пирамидасын құрушылардан бөлек, оларға көмектескен серіктестерінің де жауапкершілігі қарастырылуда. «Гарант 24 ломбард» қылмыстық ісі бойынша тек ұйымдастырушылар ғана емес, аймақтық директорлар, бухгалтерлер де жауапкершілікке тартылып жатыр. Осы қылмыстық іс бойынша 51 адам жауапқа тартылып, 7 күдіктіге қатысты іздестіру шаралы жүргізілуде.