Аядай ғана пәтерде тұратын Леонид Анисимов – ІІ топтың мүгедегі. Дегенмен алақандай ғана бөлменің әр бұрышы ол үшін алтынға татиды. Себебі, күннің ыстығы мен суығына қарамастан көшеде қайыр сұрап тапқан нәпақасына осы баспанасын сатып алған. Леонидтың еңбекке жарамсыздығы баспаналы болуға кедергі келтірмеді.
Леонид АНИСИМОВ, қала тұрғыны:
Кезінде жеке баспанамызды інім сатып жіберген еді. Артынан дүние салды. Ардагерде тиын сұрап табыс таптым. Ақыры осы пәтерді 2017 жылы сатып алдым. Қазір де қайыр сұраймын. Басқа қолымнан не келеді дейсің?
Леонидтің 3 миллионға сатып алған пәтері Төлебаев көшесіндегі 44-інші жатақханада орналасқан. Коммуналдық келеңсіздіктерді былай қойғанда, жертөледен шығатын жағымсыз иіс пен І қабаттағы шу бұл жердегі тұрғындарға әбден таныс. Бес бөлмеге бір ғана жуынатын орын бар. Кей әжетханалардың есігі құлыптаулы. Сол себепті, кафеге келетіндер мас күйінде кез келген бұрышты әжетханаға айналдыратын көрінеді. Тұрғындар тәртіпті қанша жерден сақтауға тырысқанмен әзірге мүмкін болмай тұр.
Тұрғындар мұндағы қолайсыздықтардан бөлек, қауіпсіздігі үшін алаңдайды. Себебі, бұл үй апатты деп танылып, биыл көшірілуі тиіс болғанмен, жеткен өзгеріс жоқ.
Рафхат ЖОЛДИЕВ, қалалық ТКШ бөлімінің сектор меңгерушісі:
Қазір Гагарин-124, Құнанбаев-30А және Молдағалиев-33А мекен-жайындағы 3 үйді апатты деп танып отырмыз. Осыған байланысты бізге арыз-шағымдар түсіп жатыр. Жатақханаларды құрылыстың бітуіне қарай көшіреміз деп жоспарлап отырмыз.
Бұл үйдің тұрғындарына Берекедегі жаңа баспаналар әзір бұйырмайтын секілді. Дегенмен әкімдіктегілер жертөледен шығатын жағымсыз иіс пен 2 қабаттағы балконның мәселесін шешіп беруге уәде етті.