Құлсары қаласының орталық көшелеріне 2019 жылы 100 бейнебақылау орнату қолға алынған еді. Қазіргі таңда жоспар жүзеге асып, жедел басқару орталығы ашылды. Енді 10 қыркүйек күні, яғни ертеңнен бастап камералар іске қосылмақ.
Қазір аудан орталығына орнатылған бейнебақылау құрылғылары қоғамдық тәртіпті назарда ұстаумен қатар басқа аймақтардан енген автокөліктерді автоматты түрде тіркеп отырады. Сондай-ақ, кардон камерасы темір тұлпарлардың жылдамдығын өлшеп, көлік қозғалысын реттеуге септігін тигізбек.
Ерболат ДОСМАҒҰЛОВ, Жылыой ауданы полиция бөлімінің бастығы:
– Бүгінгі таңда аудан орталығында 100 камера жұмыс жасап тұр. Аудан тұрғындарына 10 қыркүйекте «Кордон» автокөлік жылдамдығын реттейтін құрылғы іске қосылатынын ескерткіміз келеді. Қоғамдық тәртіпті қадағалауда, жылдамдықты реттеуде бұлардың көмегі көп.
«Кордон» камерасының қырағы көзіне іліккендерге тағылған айып пошта қызметі арқылы автокөлік иелеріне құлақтандырылады. Бейнебақылау құрылғыларының қоғамдық тәртіп сақтауда және жол ережелерін өрескел бұзу фактілерінің алдын алуда маңызы зор. 80 мыңнан астам халқы бар үлкен ауданға бұл жедел бақылау орталығының іске қосылғаны оң нәтиже берері сөзсіз дейді мамандар.