Атырауда қоғамдық көліктер санитария талаптарын сақтамай тұр. Ал бұл тұрғындардың денсаулығына қауіп төндіреді. Қаулыға сәйкес, автобус жолаушылары тек маскамен кіргізіліп, іштегі орындық санынан артық адам кіргізілмеуі тиіс. Осылайша, әу баста әлеуметтік арақашықтық сақталып, қауіпсіз жол жүру жоспарланған еді.
Осыдан үш апта бұрын автобусқа бетпердесіз кіру мүмкін болмағанымен қазіргі жағдай мүлдем бөлек. Әлеуметтік арақашықтық пен антисептик туралы жазудың өзі ыңғайсыз. Тіпті, соңғы аялдамаларда жүргізілуі тиіс дезинфекциялық жұмыстар да көзден ғайып болған.
Орынбек ЗИРЕК, Атырау қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметттердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бас маманы:
– Бақылау орындарында есіктер мен тұтқаларға дезинфекция жасалмайды. Рейдтік тексерулер, түсіндіру жұмыстары одан әрі жалғаса бермек. Атырау облысы әкімдігінің чаты бар, оған адамға лық толы автобустардың түрлі-түрлі фотосы келеді. Біз сол жақтан біліп, көріп отырамыз.
Қазір қала бойынша 129 автобус жүріп тұр. Олардың әрқайсысы күніне 15 рейс жасайды. Ал таңертеңгі және кешкі қарбаласта жолаушылар әдеттегіден 2 есе көбейеді. Осылайша, бір автобус бір айналымда 500-700 адамды діттеген жеріне жеткізеді.