Армян көліктерін тіркеу әзірге тоқтамайды. Қазір Атырауға әкелінген тіркеуге рұқсаты бар көліктердің 97 пайызы сары нөмірді иемденген. Ал қалған үш пайызы кез келген уақытта мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына барып тіркеле алады.
Атырауда оң рөлді немесе рөлі сол жаққа ауыстырылған автокөлік иелерін қоспағанда әлі 130 темір тұлпар тіркелмей тұр. Қазір мамандар оның себебін анықтап жатыр. Әзірге белгілісі, өңірге 53 армян көлігін кіргізген 7 адамның қайтыс болғанына байланысты аталған мәселе мұрагерлері арқылы шешіледі. Дегенмен сатып алған шетелдік машинасын бұрынғы иесінен өз атына заңдастырмай жүргендер де кездеседі.
Мырзалы ӨТЕҒАЛИЕВ, Атырау облыстық ПД ӘП басқармасының бастығы:
– Біз тіркелмей қалғандардың себебеін анықтаудамыз. Айыппұл салынбайды әзірге. Уақытын ұзарту мәселесі қарастырылуда. Нақты шешім сосын қарастырылады.
Рөлі оң жақтағы немесе сол жаққа ауыстырылған темір тұлпарларды да арнайы сараптамадан өткізіп, заңдастыруға рұқсат бар. Қазір Атырауда осы санаттағы көліктің саны 2 мыңнан көп. Мамандардың айтуынша, жергілікті жүргізушілер Орал, Қостанай, Алматы қалаларындағы сараптама орталықтарына барып, көліктің қауіпсіздігі туралы хаттама алу қажет. Сұранысқа сәйкес, қазір дәл сондай орталық ашуды Атырауда да қарастырып жатқан көрінеді.