CaspianLife. 20 қараша. Құрылтай депутаты Аббат Өрісбаев су шаруашылығына бөлінген бюджет қаражатының қаншалықты тиімді жұмсалып жатқанын тексеруді талап етті. Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың атына жолдаған депутаттық сауалында ол су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстарының баяу жүріп жатқанын атап өтті. Жоспарланған каналдардың барлығы жөндеуден өтпеген, ал автоматтандырылған нысандардың үлесі 4 пайызға да жетпейді. Соған қарамастан, биыл салаға бөлінетін қаржы бірнеше есе артқан.
Депутат Жоғары аудиторлық палатаның мәліметтеріне сүйенді.
«2025 жылдың қорытындысы бойынша су шаруашылығы жүйесінде 5 681 нысан бар. Оның ішінде 82 су қоймасы, 4 099 канал, 84 гидротехникалық құрылыс және тік дренаждың 1 416 ұңғымасы бар. Алайда жоспарланған 5 пайыздың орнына небәрі 208 нысан автоматтандырылған. Бұл жалпы нысандар санының 3,7 пайызы ғана», – делінген депутаттық сауалда.
Суару каналдарын жаңарту жоспары да толық орындалмаған. Аббат Өрісбаевтың айтуынша, мердігермен келісімшарттың бұзылуына байланысты кейбір нысандар жаңартылмай қалған. Сондай-ақ депутат қаржыландыру көлеміндегі айырмашылыққа назар аударды.
«Егер 2025 жылы республикалық бюджеттен 728,4 шақырым каналды жаңғыртуға 3 миллиард 269 миллион теңге бөлінсе, 2026 жылы сыртқы қарыз есебінен 380 шақырымнан астам каналды жаңартуға 14 миллиард теңге бағыттау жоспарланып отыр. Әрине, нысандардың техникалық сипаттамалары мен жұмыс көлемі әртүрлі болуы мүмкін. Дегенмен қаржыландыру көлеміндегі мұндай елеулі айырмашылық, әсіресе мемлекеттің сыртқы қарыздарды қайтару жөніндегі міндеттемелерін ескерсек, ашық әрі экономикалық тұрғыдан негізделген түсіндіруді қажет етеді. Сонымен қатар 2026 жылы автоматтандырылған нысандар санын 881-ге дейін жеткізу жоспарланған. Алайда бұл жұмыстың тиімділігін енгізілген жүйелердің санымен ғана емес, олардың іс жүзіндегі нақты нәтижесімен де бағалау қажет», – деді депутат.
Аббат Өрісбаевтың пікірінше, көрсеткіштерді жай ғана көбейту жеткіліксіз. Ең бастысы – су шығынын азайтып, инфрақұрылымның тиімділігін арттыру. Осыған байланысты ол саланы жаңғырту және цифрландыру жобаларына кешенді тексеру жүргізуді, бюджет пен сыртқы қарыз қаражатының жұмсалу негізділігін бағалауды, сондай-ақ судың көзден тұтынушыға дейінгі қозғалысын бақылау жүйесін енгізуді ұсынды.
Депутат Үкіметтен игерілген қаражаттың тиімділігі мен су желілерін жаңғырту жұмыстарының нақты нәтижелері туралы егжей-тегжейлі есеп беруді талап етті.
Әселім ҚАЛКЕН, Астана
Фото: иллюстрациялық

