CaspianLife. 20 қараша. Астанада өткен ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің үшінші форумында атыраулық кәсіпкер, «Достан Ата» шаруа қожалығының жетекшісі Сейітжан Балжігітов «Құрмет» орденімен марапатталды.
Саланың дамуына үлес қосып жүрген жандарға марапатты өз қолымен табыстаған президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, бүгінде ауыл шаруашылығы мамандары ауыл әлеуетінің артуына, тұтас мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне мол үлес қосып отыр.
«Сіздер ата кәсіпті абыроймен атқарып, ұлтымыздың игілігін еселеп жүрсіздер. Ауа райы қолайсыз болғанына қарамастан, биыл да ел қамбасы астыққа толды. Күзгі жиын-терінде еліміз бойынша 24,5 миллион тонна дақыл жиналды. Егіннің бітік болуы – молшылық пен тоқшылықтың кепілі. Бұл – еліміздегі әр шаңырақ ырысқа кенеліп, дастарханымыз берекелі болады деген сөз. Мен бүгін диқандар қауымына және осы салада еңбек етіп жүрген барша азаматқа алғыс айтамын», — деді Президент.
Сейітжан Балжігітов басшылық ететін «Достан Ата» шаруа қожалығы Атырау облысының Жылой ауданында орналасқан. Ірі қара шаруашылығымен және олардың өнімін өңдеумен айналысады. Нақтырақ айтқанда асыл тұқымды мал өсірумен айналысып, сол арқылы ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға үлес қосып отыр. Яғни ауыл тұрғындары басын көбейту үшін шарт негізінде еш кепілсіз, пайызсыз мал ала алады.

