Сәтбаев көшесіндегі көпқабатты 16-үйдің тұрғындары ойын алаңына тиесілі жердің заңсыз иемделгенін айтып шағымдануда. Таң атысымен наразылық білдірген олар кәсіпкер мен әкімдіктегілердің іс-әрекеті қытықтарына әбден тигенін жеткізді.
Ерлан ӘМІРҚҰЛОВ, Атырау қаласының тұрғыны:
– Қалалық әкімдік бізді жер қатынастарын тексеру бөліміне жіберді. Бізге ол жақтан хат жіберді. Президенттің тапсырмасымен жеке кәсіпкерді тексере алмаймыз дейді. Жарайды, онысымен келісеміз. Бірақ біз салығын тексерсін деп жатқан жоқпыз. Жауапты мекеме ретінде келіп, құжаттарының дұрыстығын көрсетсін. Біз осының заңды екеніне көз жеткіміз келеді.
Элитарлық мектеп-балабақша кешенінің аумағы алғашында мұндай кең болмаған. Кезінде балалар асыр салып жүрген жерде қазір қариялар бел жазатын орын да жоқ.
Кәсіпкер бұл жерді Каспий өңірлік қазіргі заманғы колледжінен 2011 жылы 5 жылға жалға алған. Биыл мерзімі тағы ұзартылды. Кешен басшысы тұрғындардың уәжін тыңдап алып, жауапты қысқа қайырды.
Гүлмира МҰҚАНОВА, «Сенім» элитарлық мектеп-балабақша кешенінің директоры:
– Бізде құрылтайшы – бір адам. 2011 жылдан 2020 жылға дейін қайтарымсыз жалға беріліп, одан әрі 5 жылға созылған. Біздің қолымызда электронды үкіметтен алынған құжаттар бар. Қажет десе, тұрғындарға көрсете алам.
Дегенмен бұл жауапты ешкім қанағат қылмады. Құжаттың заңды екеніне көз жеткізсе де, жұрттың көңілі толмады. Олар әкімдіктің жерді еш ескертусіз беріп жібергеніне ашулы. Ал жергілікті биліктегілер бұған тұрғындардың келісімі керек емес деп отыр.
Назымгүл ҚАЙСАҒАЛИЕВА, Атырау қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы:
– Аталған аумақтағы көлемі 580 текше метр болатын жер Қазіргі заманғы Каспий маңы колледжінің автотұрағын жасау үшін берілді. Ол аумақ кондоминиумға жатпайтындықтан тұрғындармен келісуді қажет етпейді. Қысқасы, жер саласына қатысты барлық мемлекеттік органдардың рұқсаты негізінде берілген.
Қалалық әкімдіктегілер не айтса да, тұрғындардың тынышталатын түрі жоқ. Енді жоғары жаққа хат жазып, мәселені өз пайдамызға шешпей тынбаймыз дейді олар.