CaspianLife. 12 қараша. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Н. Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Е. Отынышиевті ұстады. Оқиға 2026 жылғы 11 қарашада болған. Олардан бөлек, тағы бірнеше адам қамауға алынған. Барлығына сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдік келтіріліп отыр.
Қазіргі уақытта істің барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысы туралы өзге ақпарат жария етуге жатпайды. ҰҚК өкілдері Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау және «Заң мен тәртіп» қағидатын сақтау аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыс жалғасып жатқанын атап өтті.
Әлеуметтік желілерде Астана қаласының орталығындағы тұрғын үй кешенінің терезесінен лақтырылған, ішінде бума-бума доллар салынған шабадандар мен сөмкелердің бейнежазбалары тарады. Бірқатар қазақстандық БАҚ-тың мәліметінше, бұл оқиға «Самұрық-Қазына» мен «ҚТЖ» топ-менеджерлерінің ұсталуына байланысты болуы мүмкін.
Н. Жақыпов 2025 жылдан бері «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорын басқарып келеді. Қор Қазақстанның мұнай-газ, көлік-логистика және энергетика салаларындағы ірі стратегиялық активтерін басқарады.
Елжас Отынышиев «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басшылығына 2026 жылдың шілде айында келіп, бұл қызметте Талғат Алдыбергеновті алмастырған. Ал 2023 жылдың сәуірінен бастап «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма мүшесі, стратегия және активтерді басқару жөніндегі басқарушы директоры қызметін атқарған. «Қазақстан темір жолы» АҚ-ның жалғыз акционері – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры.
Дереккөз: ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі

