CaspianLife. 12 қараша. Атырау қаласының №2 соты «ҚАЖсервис» ЖШС филиалының бас бухгалтерін ұйымның 34,8 миллион теңгесін жымқырғаны үшін бес жылға бас бостандығынан айырды. Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Қаржылық заңбұзушылықты Атырау көлік прокуратурасы Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің өңірлік басқармасымен бірлесіп жүргізген прокурорлық тексеру барысында анықтаған. Тексеру нәтижесінде бас бухгалтердің заңсыз түрде төлемдер есептеп, ұйымның қаражатын өзінің жеке банктік шотына аударып отырғаны белгілі болды. Осы дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілді.
Сот оны Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша кінәлі деп таныды. Бас бостандығынан айыру жазасынан бөлек, оған бес жыл мерзімге материалдық жауапкершілікке байланысты қызметпен айналысуға тыйым салынды.
Сондай-ақ сот «ҚАЖсервис» ЖШС-нің келтірілген материалдық шығынды өндіру туралы азаматтық талабын толық көлемде қанағаттандырды.

