CaspianLife. 6 қараша. Ақтөбеде 26 жастағы әйел өз пәтерінде көз жұмды. Кісі өлтірді деген күдікке оның бұрынғы күйеуі ілінді. Алдын ала мәлімет бойынша, әйелді тұншықтырып өлтірген. 31 жастағы ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалды. Полиция «Адам өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады.
Қайғылы оқиға 6 қарашаға қараған түні Ақтөбенің шетіндегі шағынаудандардың бірінде орналасқан көпқабатты үйдің пәтерінде болған. Көршілердің айтуынша, сол түні ешқандай шу немесе айқай естімеген. Марқұм мен күдікті екі жыл бұрын ажырасқан. Туыстарының сөзінше, ерлі-зайыптылар арасында тұрмыстық жанжал жиі болып тұрған. Ер адамның қол көтеруіне байланысты олар екі жаққа кеткен. Алайда ажырасқаннан кейін де ол бұрынғы әйелінің соңынан қалмай, аңдуын жалғастырған.
Марқұмның әпкесі Жанар Қожанова оқиғаның қалай болғаны туралы өзіне белгілі мәліметтерді айтып берді.
«Ол жұмыстан үйіне қайтып келе жатқанда, әлгі ер адам соңынан аңдып, бірге пәтерге кірген. Естігенім бойынша, сол жерде оны тұншықтырып өлтірген. Нақты айта алмаймын, бірақ осылай болғанын естідім. Үйге кіріп, әлсіз адамға күш көрсету, тіпті адам өлтіруге дейін бару – нағыз қатыгездік», – деді ол.
Марқұм отбасындағы жалғыз қыз болған. Артында үш жасар баласы қалды. Көршісі Мейрамгүл Жүсіпова марқұммен жақсы таныс болғанын айтады.
«Мен Әселді танитынмын. Кейде бір-екі рет баламды да оған қалдырып кететінмін. Болған жағдайды естігенде қатты есеңгіреп қалдым. Ол өте жақсы адам еді, ешкімге жамандық ойламайтын», – деді көршісі.
Ақтөбе облысының полиция департаменті оқиғаның мән-жайы анықталып жатқанын хабарлады.
«Алдын ала мәлімет бойынша, қылмыс бұрынғы ерлі-зайыптылар арасындағы тұрмыстық жанжал салдарынан болған. Бұған дейін аталған адамдар арасындағы жанжалдарға қатысты полицияға ешқандай арыз-шағым немесе хабарлама түспеген. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», – деді Ақтөбе облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Әсет Қалиев.
Еске салайық, бірнеше күн бұрын Ақтөбеде тағы бір 26 жастағы әйел бұрынғы бірге тұрған азаматының қолынан қаза тапқан еді. Оған Неке сарайында пышақ жарақаты салынған. Марқұмның екі баласы балалар үйіне орналастырылды.
Кәмшат СЕКСЕНБАЙҚЫЗЫ, Ақтөбе облысы
Фото: ulysmedia.kz

