CaspianLife. 9 қараша. Шалқарда әуе қатынасын қайта жандандыру жоспарланып отыр. Ол үшін қала маңындағы аэродром 15 жылдан бері алғаш рет қайта жаңғыртылады.
Ақтөбе облысында жергілікті әуе желілері бойынша тұрақты жолаушылар рейстері 2011 жылдан бері қатынамайды. Енді өңірде шағын авиацияға қажетті инфрақұрылымды кезең-кезеңімен қалпына келтіру жұмыстары басталады. Алғашқы нысан ретінде Шалқар маңындағы аэродром таңдалған.
Конкурс қорытындысы бойынша қайта жаңғырту жұмыстарын «SK Best Spec Stroy KZ» ЖШС жүргізеді. Жобалау жұмыстарына бес ай, ал құрылыс-монтаж жұмыстарына тағы алты ай уақыт бөлінген. Бұл мерзімге мемлекеттік сараптамадан өту уақыты кірмейді.
Аэродром Шалқар қаласынан шамамен 7 шақырым қашықтықта орналасқан. Жоба аясында ұзындығы 1 200 метр болатын қолданыстағы асфальтбетонды ұшу-қону жолағы күшейтіледі. Сонымен қатар перрон мен рулеж жолы қайта жаңғыртылып, қоршау орнатылады. Жолаушыларға арналған қажетті жабдықтармен қамтылған модульдік павильон да салынады.
Жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейін аэродром 19 жолаушыға дейін тасымалдайтын L-410 ұшақтарын қабылдауға дайындалады. Рейстер күндізгі уақытта орындалады деп жоспарланып отыр. Әуе тасымалын «Әлия Молдағұлова атындағы халықаралық әуежай» АҚ базасында ұйымдастыру көзделген. Ал ұшақтарды «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы қаржылық лизингке алу жоспарланып отыр.
Құрылыс аяқталған соң аэродром сертификаттаудан өтуі тиіс. Ал рейстердің қашан басталатыны инфрақұрылымның дайын болуына, ұшақтардың сатып алынуына және қажетті рұқсаттардың алынуына байланысты болады.
Дереккөз: Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

