CaspianLife. 27 қазан. Жыл басынан бері Қазақстанда қылмыс деңгейі 15%-ға төмендеп, қылмыстардың ашылу көрсеткіші 5%-ға өсті. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен «Заң және тәртіп» конституциялық қағидатын іске асыру жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында мәлім болды.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің айтуынша, бұл нәтижелерге бейнебақылау камераларының қосқан үлесі зор. Қазір елімізде 1,8 миллион бейнебақылау құрылғысы орнатылған. Олардың көмегімен 13,8 мың қылмыс ашылып, 763 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілген. Жыл соңына дейін жасанды интеллект негізіндегі бейнеталдау жүйесімен жабдықталған камералар санын 60 мыңға жеткізу жоспарланып отыр.
Кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс деңгейі де төмендеген. Жасөспірімдер жасаған қылмыстар саны 9%-ға азайған. Құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында мектептерге 8 мың полиция қызметкері бекітілген. Бұдан бөлек, елімізде «Жас сақшы» бағытындағы 267 сынып және «Жас Бүркіт» бағытындағы 69 сынып жұмыс істейді.
Интернет кеңістігінде де тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Министр әлеуметтік желілерде заңға қайшы материалдар тарататын адамдардың жауапкершілікке тартылатынын айтты.
«Біз тек жазалаумен шектелмейміз, сонымен қатар заң бұзушылардың қандай жауапкершілікке тартылатынын қоғамға көрсетеміз. Қоғамдық жұмыстарға тарту, қамауға алу және айыппұл салу арқылы азаматтардың құқықтық санасын арттырамыз», – деді Ержан Сәденов.
Олжас Бектенов тәртіп сақталмайынша, экономикалық, әлеуметтік және саяси мақсаттарға қол жеткізу мүмкін емес екенін атап өтті. Оның айтуынша, нағыз патриот – ең алдымен заңға бағынатын, тәртіпті, еңбекқор әрі білімді, тазалықты бағалап, табиғатты аялайтын азамат.
Отырыста құқықтық мәдениетті арттыру, жалған ақпаратқа қарсы күрес, сондай-ақ құқық бұзушылықтардың алдын алуға азаматтық қоғам мен үкіметтік емес ұйымдарды тарту мәселелері де талқыланды.
Әселім ҚАЛКЕН, Астана
Фото: inbusiness.kz

