CaspianLife. 21 қазан. Ұлттық қауіпсіздік комитеті мұнай өнімдерін шетелге заңсыз шығарумен айналысқан ұйымдасқан топтың әрекетіне тосқауыл қойды. Заңсыз операциялардың жалпы көлемі шамамен 45 млрд теңгеге бағаланып отыр. Бұл туралы ҰҚК баспасөз қызметі хабарлады.
Тергеу мәліметінше, заңсыз схеманы Маңғыстау облысының кәсіпкері ұйымдастырған. Ол жер қойнауын пайдаланушы компаниялармен шикі мұнай сатып алу туралы келісімшарттар жасасқан. Кейін мұнай «Standart Petroleum» және «Mangystau Oil Refining» шағын мұнай өңдеу зауыттарында өңделген.
Дайын өнімге жалған сапа паспорттары рәсімделген. Одан кейін дайын отын пешке арналған отын ретінде көрсетіліп, Ақтау теңіз порты арқылы танкермен шетелге шығарылған.
2019–2023 жылдар аралығында тек «Batys Nefte Trade» ЖШС арқылы шетелге 160 мың тоннадан астам мұнай өнімі заңсыз жөнелтілген.
Биыл қылмыстық іс бойынша жүргізілген процессуалдық шаралар нәтижесінде күдіктілердің активтері тәркіленді. Бұдан бөлек, шағын мұнай өңдеу зауыттары, танкер және өзге де мүлік мемлекет меншігіне алынды.
Мемлекет кірісіне заңсыз алынған табыс пен төленбеген салықтар есебінен жалпы 2 млрд теңгеден астам қаражат өндірілді.
Бұған дейін Ақтау қалалық соты ұйымдасқан қылмыстық топтың бес мүшесіне, оның ішінде шағын мұнай өңдеу зауыттары мен трейдер компанияның басшыларына үкім шығарған. Олар Қылмыстық кодекстің 234-бабы 3-бөлігі және 262-бабы 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 8 жылға бас бостандығынан айырылған.
Ал заңсыз схеманы ұйымдастырған азамат сот төрелігінен жасырынып жүр. Қазір ол халықаралық іздеуде.
Дереккөз: ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі

