CaspianLife. 21 қазан. Батыс Қазақстан облысының Теректі ауданындағы 886 абонент бірнеше жыл бойы ауызсудың бір текше метріне белгіленген 150 теңгенің орнына 666 теңге төлеп келген. Бұған 2015–2025 жылдар аралығында салынған су мұнаралары мен су құбырлары желілерінің уақытылы коммуналдық меншікке берілмеуі себеп болған. Соның салдарынан бұл нысандарға мемлекеттік субсидия бөлінбеген.
Прокуратураның тексеру нәтижесінде жалпы құны 4,3 млрд теңге болатын алты нысан коммуналдық меншікке берілді. Бұл 284 абонент үшін су тарифін төмендетуге мүмкіндік береді.
Тағы 19 нысан мемлекеттік тіркеу кезеңінде тұр. Тіркеу рәсімі аяқталғаннан кейін жеңілдетілген тарифті барлық 886 абонентке қолдануға болады.
«Қалыптасқан жағдай мемлекеттік мүлікті тиісінше есепке алмау тәуекелін туғызды. Сондай-ақ бұл нысандарды одан әрі пайдалану мен халықты ауызсумен қамтамасыз етуге қатысты қиындықтарға әкелуі мүмкін еді. Қазіргі уақытта су жүйесінің қалған 19 нысаны мемлекеттік тіркеу кезеңінде тұр», – деді Батыс Қазақстан облысы прокуратурасы басқармасының прокуроры Қуаныш Ердәулет.
Облыс прокуратурасы су құбырларын уақытылы рәсімдеуге кім жауапты болғанын және бұл үдерістің неліктен ұзаққа созылғанын нақтыламады.
Зарема УТЕПОВА, Батыс Қазақстан облысы

