Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов Ақтау қаласындағы бірқатар әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты. Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі хабар таратты.
Облыс әкімі бастаған топ алдымен 19-шағынауданға барып, тұрғындардың талап-арызымен танысты. Өңір басшысы жауапты тұлғаларға құрылыс жұмысы бірнеше жылдан бері аяқсыз тұрған 5 қабатты үйдің жобалық сметалық құжаттарын қайта қарауды тапсырды. Ал тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ғимарат аумағын қоршауға алып, күзет пунктін орнату керегін ескертті. Сонымен қатар, шағынауданға жол салу үшін құжаттар дайындап, абаттандыруға ерекше назар аудару қажет деді.
Содан кейін облыс әкімі 16-шағынаудандағы «Жеңіс» тұрғын үй кешеніне барды. Тікелей эфир кезінде әкімге тұрғындар тарапынан №42, №43, №43/1, №43/2, 43/3 үйлерде екі жылға жуық уақыттан бері газ бен жылудың жоқтығы, оған қоса электр қуатының әлсіздігі туралы шағым түскен. Серікбай Трұмов Ақтау қаласының әкімі Нұрләулет Қилыбай және басқа да жауапты тұлғаларға жылыту маусымы басталғанға дейін тұрғын үйлерге газ қосып беруді тапсырды.