CaspianLife, 7 қазан. «Магистральный Водовод» ЖШС-нен 334,1 млн теңге көлемінде әкімшілік айыппұл өндірілді. Бұған ластанған топырақ қалдықтарын жинақтаудың белгіленген лимиттерін бұзу себеп болған. Қаражат толық көлемде мемлекеттік бюджет кірісіне түсті.
Оқиға Атырау облысы бойынша Экология департаментінің тексеруінен кейін басталған. Тексеру барысында заң бұзушылық анықталып, ведомство Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес әкімшілік іс қозғап, хаттама толтырған.
Кәсіпорын тексеру нәтижелерімен келіспей, қабылданған шараларға сот арқылы шағымданған. Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі соты шағымды қанағаттандырудан бас тартты.
Осыдан кейін компания апелляциялық шағым түсірген. Алайда Атырау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы да шағымды қанағаттандырмады.
Осылайша, екі сот инстанциясы да «Магистральный Водовод» ЖШС-нің әкімшілік құқық бұзушылық жасағанын растады. Айыппұл өз күшінде қалып, толық көлемде өндірілді.
Дереккөз: ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі

