CaspianLife, 7 қазан. Атырау облысы бойынша Экология департаменті «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС-не жоспардан тыс тексеру жүргізіп, экологиялық талаптардың бірқатар бұзылғанын анықтады. Тексеру тұрғындардың атмосфералық ауаның сапасына қатысты бірнеше мәрте шағымдануына байланысты тағайындалған.
Тексеру барысында кәсіпорында ЭЛОУ-АТ-2 (№2 электрмен тұзсыздандыру қондырғысы) және ЭЛОУ-АВТ-3 (№3 электрмен тұзсыздандыру қондырғысы) технологиялық пештерінен шығатын шығарындылардың жекелеген түрлері есептелмегені және жол берілетін шығарындылар нормативтері белгіленбегені анықталды. Мұндай жағдай баяу кокстеу қондырғысының (УЗК) резервуарларына қатысты да тіркелген.
Сонымен қатар, 2026 жылғы 25 тамызда және 2-7 қыркүйек аралығында күкірт өндірудің кешенді қондырғысы мен каталитикалық крекинг қондырғысында орын алған апаттық жағдайларға байланысты газ алау қондырғысына авариялық түрде газ жіберілген. Осы кезеңдерде 100 тоннадан астам газ жағылған. Сондай-ақ жоспардан тыс тоқтаулар орын алып, жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Бұдан бөлек, тексеру барысында эмиссияларды автоматтандырылған бақылау жүйесінің жұмысында заң бұзушылықтар анықталды. Зауыт қолайсыз метеорологиялық жағдайлар кезінде стационарлық көздерден шығатын шығарындыларды азайту жөніндегі шараларды да орындамаған.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 759-бабына сәйкес, инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты әкімшілік іс қозғау туралы шешімдер прокурормен келісілуі тиіс.
2026 жылғы 1 қазанда тиісті шешімдер келісіліп, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істердің материалдары қарау үшін сотқа жолданды.
Сонымен қатар тексеру материалдары құқық қорғау органдарына берілді. Олар іс-әрекетте қылмыстық құқық бұзушылық белгілерінің бар-жоғын анықтап, тиісті процестік шешім қабылдауы тиіс.
Дереккөз: ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі

