CaspianLife, 7 қазан. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 6 қазанда Қазақстан Республикасының Еуропалық қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы конвенцияға қосылуына мүмкіндік беретін заңға қол қойды. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Мемлекет басшысы «Еуропалық қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы конвенцияны ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының заңына қол қойды. Заңның мәтіні баспасөзде жарияланады.
2025 жылдың жазында Еуропа Кеңесінің Министрлер комитеті Қазақстанды Еуропалық қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы конвенцияға қосылуға шақырған болатын.
Бұған дейін Бас прокуратура Қазақстанның аталған халықаралық механизмге қосылуы конвенцияға қатысушы мемлекеттермен құқықтық көмек көрсету туралы сұрауларды орындауға берік құқықтық негіз қалыптастыратынын атап өткен.
Бұл, әсіресе, Қазақстанмен құқықтық көмек туралы жеке екіжақты келісім жасамаған мемлекеттермен ынтымақтастық орнату тұрғысынан маңызды. Ведомство бұл тетіктің елден заңсыз шығарылған активтерді қайтару мәселесінде де маңызы зор екенін атап өтті.
Конвенцияның негізгі мақсаты – қылмыстық істер бойынша мемлекеттер арасындағы құқықтық көмек көрсету үдерісін жеңілдету және жеделдету. Атап айтқанда, экстрадициялау, дәлелдемелерді беру, куәлар мен сарапшылардан жауап алу, сондай-ақ қылмыстық қудалау мен қорғауға байланысты басқа да процестер бойынша өзара іс-қимылды реттейді.
Еуропалық қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы конвенция – қылмыстық сот ісін жүргізу саласында оған қатысушы мемлекеттер арасындағы құқықтық көмек көрсету мәселелерін реттейтін халықаралық шарт.
Қазіргі уақытта конвенцияға Еуропа Кеңесіне мүше 46 мемлекет, сондай-ақ ұйымға мүше емес Израиль, Оңтүстік Корея, Моңғолия және Чили қатысады.

