Caspianlife, 6 қазан. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Астанаға алғашқы мемлекеттік сапармен келген Оман сұлтаны Хайсам бен Тарик Әл Саидпен келіссөздер жүргізді. Тараптар саяси диалогты нығайту, сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды кеңейту мәселелерін талқылады.
Ресми қарсы алу рәсімі Тәуелсіздік сарайында өтті. Тоқаев Оманды араб әлеміндегі сенімді серіктес деп атап, ынтымақтастықтың жоғары әлеуетін атап өтті:
«Сізді Қазақстан жерінде қарсы алу – мен үшін үлкен мәртебе әрі зор қуаныш. Бауырлас Оманның көрнекті көшбасшысының елордамызға келуінің айрықша мәні бар, өйткені бұл – сұлтан ретіндегі Орталық Азияға жасаған алғашқы сапарыңыз. Біз Оманды араб әлеміндегі сенімді әрі уақыт сынынан өткен серіктесіміз ретінде бағалаймыз».
Мемлекет басшысы «Дұңға» мұнай кен орнын игеру жобасына жеке тоқталды. Ол сондай-ақ қазақстандықтардың Омандағы туризмге деген қызығушылығы артып келе жатқанын атап өтіп, тікелей коммерциялық әуе рейстерінің ашылуы азаматтардың өзара барыс-келісін айтарлықтай жандандыратынын көрсетті. Келесі жылы екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 35 жыл толады.
Оман сұлтаны өз кезегінде ынтымақтастықтың зор әлеуеті туралы мәлімдеді:
«Оман Қазақстанмен энергетика, тау-кен секторы, ауыл шаруашылығы және азық-түлік қауіпсіздігінен бастап көлік, логистика, қаржы қызметтері, туризм, технологиялар мен жасанды интеллектке дейінгі әртүрлі салаларда өсуге, инвестициялар құюға және ынтымақтасуға зор мүмкіндіктер бар деп санайды. Біз ұлттық инвестициялық институттарымызды, жеке сектор мен бейінді мемлекеттік құрылымдарды біріктіретін жобалардың дамуын құптаймыз».
Тараптар Оман порттары арқылы жаңа сауда дәліздерін дамытып, әуе қатынасын жандандыруға ниетті. Оманнан Қазақстанға дәрі-дәрмектер, фармацевтикалық өнімдер, парфюмерия, косметика, жуғыш заттар, сондай-ақ электртехникалық жабдықтар мен аспаптар жеткізіледі.
Келіссөздер қорытындысы бойынша Хайсам бен Тарик Әл Саид Тоқаевты Маскатқа сапармен келуге шақырды. Қазақстан Президенті сұлтанды «Алтын Қыран» орденімен марапаттады.
Әселім ҚАЛКЕН, Астана

