Caspianlife, 5 қазан. Атырауда ұстаздардың кәсіби мерекесіне орай 30-дан астам мұғалім марапатталды. Оларға «Құрмет» ордені, «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері», «Ыбырай Алтынсарин» медальдары және «Білім беру саласының үздігі» төсбелгілері табысталды. Бірқатар педагогтер Атырау облысы әкімінің алғыс хаттарына ие болды.
Салтанатты жиында облыс әкімі Болат Ақшолақов сөз сөйледі. Ол білім беру саласын дамыту үшін атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды:
«Соңғы жылдары білім беру ұйымдарының инфрақұрылымын нығайту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Заманауи мектептер бой көтеріп, ескі ғимараттар жөнделіп жатыр. Бұл шаралардың барлығы оқушылардың сапалы білім алуына жағдай жасауға бағытталған».
Іс-шара ұстаз еңбегінің маңыздылығын бейнелейтін театрландырылған көрініспен басталды. Сахнада отандық білім беру жүйесінің қалыптасуындағы тарихи белестер мен негізгі кезеңдер көрсетілді. Содан кейін марапаттау рәсімі өтіп, одан кейін әртістер өнер көрсетті.
Марапатталғандардың қатарында «Нартайлақ» бөбекжай-бақшасының директоры Ания Төлешова да бар. Оның педагогикалық өтілі 28 жылды құрайды. Ол «Еңбек ардагері» төсбелгісін зейнет демалысына шыққаннан кейін алды:
«Білім беру саласындағы еңбек өтілім 28 жыл. Бүгін менің еңбегім еленіп жатыр: құрметті демалыста болсам да, мені шақырып, «Еңбек ардагері» төсбелгісімен марапаттады. Атырау облысының білім беру басқармасына дән ризамын және еңбегімді ескеріп, бағалағаны үшін шын жүректен алғыс айтамын».
Кеште мұғалім еңбегінің басты нәтижесі – шәкірттерінің жетістігі екені атап өтілді. Ерекше көзге түскен педагогтерге құттықтаулар мен ізгі тілектер айтылып, олар өз кезегінде көрсетілген құрмет үшін алғыстарын білдірді.
Альбина ІЗҒАЛИЕВА, Атырау

