CaspianLife, 30 қыркүйек. Атырауда жол-көлік оқиғасына түскен 8 жедел жәрдем көлігі әлі күнге дейін жөнделмеген. Олардың жалпы құны 202 млн теңгені құрайды. Бұдан бөлек, құны 1 млрд 57,2 млн теңге болатын тағы 32 санитарлық көлік пайдаланылмай тұр.
Бұл деректер облыстық тексеру комиссиясының Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасына қарасты ұйымдарға жүргізген аудиті барысында анықталды.
Аудит барысында денсаулық сақтау басқармасына қарасты 7 ұйымның қызметі қамтылды. Атап айтқанда, перинаталдық, фтизиопульмонологиялық және кардиологиялық орталықтар, жедел медициналық жәрдем станциясы, балалар ауруханасы, стоматологиялық емхана және тері-венерологиялық диспансер тексерілді.
Тексеру кезінде жалпы құны 62,6 млрд теңге болатын активтер қамтылып, оның 17,5 млрд теңгесіне қатысты түрлі бұзушылықтар анықталған.
Атырау облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшесі Жаннат Дәуталиеваның айтуынша, анықталған соманың ішінде қаражатты тиімсіз пайдалану және жоспарлау фактілері бар.
«17 млрд теңгенің шеңберінде жіктеп айтсақ, 1 млрд 400 млн теңгеге жуық қаражат тиімсіз пайдаланылған. 1 млрд 300 млн теңге тиімсіз жоспарланған. Бюджетке өтеуге жататын қаражаттар да анықталды. Оның көлемі 400 млн теңгені құрайды. Анықталған қаржылық бұзушылықтар бойынша мемлекеттік сатып алу саласындағы уәкілетті органдарға 71 материал жолданды. Бүгінде 18 млн теңге әкімшілік айыппұл төленді. Анықталған кемшіліктер, қаражатты тиімсіз пайдалану және жоспарлау бойынша тиісті нұсқамалар берілді», – деді Жаннат Дәуталиева.
Аудит барысында перинаталдық орталықтың қызметіне қатысты бірқатар қаржылық бұзушылық анықталды.
Күрделі жөндеу жұмыстары кезінде іс жүзінде орындалмаған жұмыстар үшін 5,5 млн теңге төленген. Сонымен қатар желдету және ауа баптау жүйесін жөндеуге 139,7 млн теңге жұмсалған. Алайда аталған қызметтердің көрсетілгенін растайтын құжаттар болмаған.
Бұдан бөлек, балалар ауруханасы, фтизиопульмонологиялық және кардиологиялық орталықтар, сондай-ақ жедел медициналық жәрдем станциясында кадастрлық құны 254,5 млн теңге болатын жер учаскелері бухгалтерлік есепте көрсетілмеген.
Тексеру комиссиясы анықталған бұзушылықтар бойынша тиісті шаралар қабылданып, жауапты ұйымдарға нұсқамалар берілгенін хабарлады.
Альбина ИЗҒАЛИЕВА

